Мемлекеттік қызметтің жаңа моделі (үлгісі)

«Мемлекеттік қызметтегі реформа- жаңа кезеңнің талабы»
Елбасымыз «Қазақстан-2030» стратегиясын жариялаған уақытта «алдымен экономика, сонан соң саясат» деген болатын. Еліміз стратегияда көрсетілген басым бағыттардың көпшілігін уақытынан бұрын аяқтаған соң, Елбасымыздың жаңа «Қазақстан-2050» стратегиясы қабылданғаны белгілі.
Қоғам дамыған сайын алдыға қойған мақсат-міндеттерге де түзетулер енгізіп отыру заңдылық. Осы тұрғыдан алғанда елде саяси реформалардың жүргізіліп жатырғаны да баршаға аян. 2013 жыл мемлекеттік қызмет саласында жаңа өзгерістермен есте қалды. Осы бағытта жасалып жатырған жұмыстар мен жаңа өзгерістер жөніндегі әңгіме аудан әкімі орынбасары Н.Қалауовпен сұқпатта өрбіді.
- Нұржауған Серікұлы, мемлекеттік қызметтің заманауи қазақстандық моделі жөнінде не айтасыз?
- Мемлекеттік қызметтік жүйенің бастамасы 26.12.1995 жылғы № 2730 «Мемлекеттік қызмет туралы» заңнан бастау алды.
1997 жылы Елбасының «Қазақстан-2030» Жолдауында мемлекеттік қызметті реформалау қажеттілігі көтерілді. Елбасы Жолдауында көтерілген мәселелерді жүзеге асыру мақсатында Президент Жарлығымен 1998 жылы 18 қыркүйекте ҚР мемлекеттік қызмет жөніндегі Агенттігі құрылды.
Осы кезеңнен бастап мемлекеттік қызметте сатылап жаңа жүйе қалыптаса бастады. 2000 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Мемлекеттік қызмет туралы» заң күшіне енді.
2005 жылы Президент Жарлығымен мемлекеттік қызмет жөніндегі Академия қайта құрылып, Академия базасында ғылыми-зерттеу институты, сот, прокурор, адвокаттар біліктілігін арттыру институты ашылды.
Осы жылдың 3 мамырында №1567 Президент Жарлығымен мемлекеттік қызметкерлердің ар-намыс Кодексі бекітілді.
Сондай-ақ, осы жылы «Мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар қызметі мен тәртібін, сыбайлас жемқорлықпен күрес шараларын күшейту жөніндегі» облыс орталықтарында Агенттіктің тәртіптік кеңестері құрылды.
Жыл сайын қоғамның дамуымен қатар мемлекеттік қызмет туралы заңаға да түзетулер мен өзгерістер енгізіліп отырылды.
Елбасы ұсынысымен кадр саясатын бақылау жөніндегі Ұлттық комиссия құру, саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметкерлердің өкілеттігін ажырату, нақтылау, кадрларды іріктеу сапасын күшейту, Агенттік жанынан мемлекеттік қызмет персоналын басқару Ұлттық орталығын құру көтерілді.
Осы бағытта 26.03.2013 жылы мемлекеттік қызмет туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, әкімшілік мемлекеттік қызметкерлер екі корпусқа бөлінді.
- Үстіміздегі жылы әкімшілік мемлекеттік қызметкерлердің екі корпусқа бөлінуіне байланысты көптеген шаралар өтті. Бірқатар қызметкерлер «А» корпусына өтіп, бірі өте алмай, баспасөз беттерінде түрлі пікірталастар болғаны белгілі. Осы корпусқа бөлу тәртібі туралы айтып өтсеңіз?
- Мемлекеттік қызмет туралы Заңға сәйкес мемлекеттік қызметкерлер мемлекеттік саяси қызметкерлер, мемлекеттік әкімшілік қызметшілер басқарушы («А» корпусы) және мемлекеттік әкімшілік қызметшілер – орындаушылар («Б» корпус) болып бөлінді.
«А» корпусына: орталық атқарушы органдардың жауапты хатшылары мен аппарат басшылары, облыс әкімдерінің аппарат басшылары, Президент Әкімшілігінің сектор меңгерушілері, комитет төрағалары, орталық атқарушы органдардың құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, ревизиялық комиссиялардың төрағалары мен мүшелері, облыстық маңызы бар қала әкімдері, облыстағы аудан әкімдері мен аудандардағы қала әкімдері жатқызылады.
«Б» корпусына «А» корпусына кірмейтін, әкімшілік мемлекеттік лауазымдар жатады.
- Мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы жетілдіру басымдықтары қандай? Нормативтік құқықтық актілерге қандай қағидалы өзгерістер мен толықтырулар енгізілді?
- Ең алдымен мемлекеттiк аппарат реформаланды, мемлекеттiк қызметтiң жаңа жүйесi туралы Заңға қол қойылды. Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды күшейтудi, мемлекеттiк қызметшiлердi iрiктеуде ашықтықты арттыруды, меритократия қағидаларын енгiзудi, яғни жақсы кадрларды iлгерiлетудi қамтамасыз етті.
Кадр саясаты жөнiндегi ұлттық комиссия құрылды. Мемлекеттiк саясаттың нақты бағыттарын жүзеге асыруға жауапты кәсiпқой басқарушылардың мүлдем жаңа санаты – «А» корпусы құрылады.
Бұдан былай мемлекеттiк қызметшi лауазымдық сатымен кезең-кезеңмен, билiк иерархиясының бiр сатысынан келесiсiне өзiнiң машығын жетiлдiре және кәсiби деңгейiн арттыра отырып көтерiлетiн болады.
2013 жылы өзгеріс енгізілген «Мемлекеттік қызмет туралы заңда» корпус «А», «Б» орналасу тәртіптері, ауысу, мансаптық жоспарлау, тәлімгер, тағылымдама, персоналды басқару қызметі, аттестаттау тәртібі нақтыланды.
- Қазақстанда мемлекеттік басқару жүйесін орталықсыздандыруды өткізудің мәні неде?
- Орталықсыздандыру идеясының мәнi – шешiм қабылдау үшiн құқықтар мен қажеттi ресурстарды орталықтан өңiрлiк билiк органдарына беруге негізделген.
Соның ішінде жергiлiктi жерлердегi билiк органдарының өкiлеттiктерiн қаржылық және кадрлық ресурстармен нығайтуға бағытталған.
Елбасы орталықсыздандыру мәселесі жөнінде айтқан сөзінде, басты міндет қоғам және азаматтарды мемлекеттiк шешiмдер қабылдау процесi мен олардың жүзеге асырылуына тiкелей қатыстырылуына мүмкіндік жасау, жергiлiктi басқару органдары арқылы халыққа жергiлiктi маңызы бар мәселелердi өз бетiмен және жауапкершiлiкпен шешуiне нақты мүмкiндiк беру керек деп,- атап өтті.
Бұл шара селолық әкiмдiктерге қосымша өкiлеттiктер беріп, олардың ауылдағы ахуалға ықпалын күшейтуге мүмкіндік берді.
Орталықсыздандыру жүргізу үшін мәслихат арқылы ауыл әкiмдерiнiң сайланбалылығы енгiзілді.
- «Қазақстан-2050» Стра­тегиясында жергілікті өзін өзі басқаруды одан әрі дамыту ту­ралы берілген тапсырмасына сәйкес аудандық маңыздағы қа­лалардың, ауылдық округтердің, ауылдық округ құрамына кір­мейтін кенттер мен ауылдардың әкімдерін сайлауы өтті, сайлау аудан үшін не өзгеріс әкелді?
- 2013 жылдың 5-9 тамыз аралығында еліміз бойынша тұңғыш рет 2457 ауыл әкімінің сайлауы өткізілді.
Аудандағы сайлауға 33 үміткер қатысты, оның ішінде әйелдер саны-8 адам (орташа есеппен алғанда бір орынға 3 үміткер түсті).
Ауыл әкімдерінің саяси қыз­мет­шілер санатынан әкімшілік қызметшілер санатына ауысуына байланысты оларға тұңғыш рет жасы (25 жастан жоғары), білімі және еңбек өтілі бойынша біліктілік талаптары қойылды. Сайлаудың қорытындылары бойын­ша 11 кандидат тиісті аудан­ның (қаланың) мәслихаттары депу­таттарының жасырын дауыс беруі­мен 4 жылға әкім болып сайланды.
Әкімдер сайлауына әйел адамдардың, әсіресе, басқа да мамандық иелерінің көпшілігі өз кандидатураларын ұсынды. Оларға сайлау заңдылықтарына сәйкес, барлық жағынан тең құқық беріліп, теңдей көмектер көрсетілді.
Нақты деректерге сүйенсек, сайланған ауыл әкімдерінің арасында әйелдер – 2 (18,2 %), Ал әкімдердің орташа жасы –40-45 жас. Әкімдердің ең жасы -33 жаста (Шұбарши ауылдық округі әкімі Өсербаев Азамат), ең үлкені 60 жаста (Саркөл ауылдық округі әкімі Қ.Шалманов). Сонымен қатар, 4 ауыл әкімі (36,3 %) қайта сайланды.
Сайланғандардың барлығы да «Нұр Отан» пар­тиясының мүшелері.
Сайланған ауыл әкімдерінің тиімді жұмысын қамтамасыз ету мақсатында оларға қосымша функциялар бекітілді, ауданға қосымша 26 штат бірліктері берілді және қаржы бөлінді. Бүгінгі күні ауылдық аппараттар­ қа­лып­тастырылып жатыр.
- Жаңадан сайланған ауыл әкімдері қандай жаңа құзіреттерге ие болды?
- Қазақстан Республикасының «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2013 жылғы 13 маусымдағы №101-V заңына сәйкес ауыл әкімдеріне жаңадан бірқатар құзіреттер берілді.
Енді ауыл әкімдері округ аумағында жасалған әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарауға және бұзушылықтар үшін әкімшілік жазалар қолдануға құқылы.
Ауылдық деңгейдегі әкімдер­ге дербес табыс көздерін қалып­тас­тыру құқығы берілді. Округ аумағындағы жолдардағы сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналас­тыру үшін төлемдер, мүлікті жалға беру, қайырымдылық және демеушілік жарналары, жекелеген айыппұл түрлері, және т.б. жөнінде шешім қабылдау олардың құзыретіне жататын болды.
Осы орайда, ауылдың дамуына жұмсалатын шығыстар жергілікті қауымдастықтың тікелей қатысуымен жүзеге асырылады.
Ауыл әкімдері заңнама бойынша түсетін түсімдерден түсетін қаражатты пайдалану үшін жыл сайын ақша түсімдері мен шығыстардың үш жылға арналған жоспарын жасайды.
Жаңа өзгерістерге сәйкес облыс әкімдері халық алдында жылына бір рет есеп берсе, аудан әкімдері екі рет, ал ауыл әкімдері 4 рет есеп беретін болды.
Бұл аталған шаралардың барлығы ауылдағы халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталып отыр.
Әңгімеңізге рахмет!