Хабарландыру

Бүгін мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына дәстүрлі жолдауын жариялады.Қоғамның барлық саласын қамтыған жолдау алдағы жылдардағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын айқындады.Мәселен: шағын және орта бизнестің даму қарқынын өсіру, құзырлы органдар арқылы кәсіпкерлердің ісіне қол сұғушылықтың мемлекетке қарсы жасалған қылмыспен пара-пар ретінде бағаланатындығы аталып өтті. Пандемияның салдарынан зардап шеккен, кәсібі тұралағандардың несиелері 12 ай мерзімге мемлекет тарапынан субсидияланатын болады. Бұл мемлекет тарапынан көрсетілген үлкен қолдау және мүмкіндік.Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің саны биыл 10%, келер жылы 15% қысқаратын болады. Үнемделген қаражат есебінен қызметкерлердің жалақысы еселеп өсуі тиіс.Тұрғын үйге мұқтаждықты жою үшін "Отбасы банкі" құрылады. Алдағы кезеңде аталған банк пен тұрғын үй кезегіндегілер арасындағы келісім бойынша үй жалдау құны өтелуі керек.Жергілікті басқару, қоғамдық кеңестердің жауапкершілігін арттыру, ауыл әкімдерінің жұртшылықпен сайлану және бюджетін арттыру мәселелері де жолдауда аталды.Ауқымды мәселелер қамтылған жолдауды тыңдай отырып мемлекет басшысының қай саладағы олқылықтар мен жетістіктерді жетік білетіндігіне көз жеткіздім. Мақсатқа қол жеткізу үшін ел халқының ынтымағы мен бірлігі ауадай қажет. Халық үніне құлақ асатын мемлекет құру басты мақсат. Президенттің тапсырмасымен мемлекеттік деңгейде тұрғындардың сауалдары мен ұсыныстары жарияланатын портал да осы мақсатта құрылмақ.Қадірлі жерлестер! Жолдау мерзімдік басылымдар мен әлеуметтік желілерде жақын арада жарияланады. Көкейдегі көп сауалға жауап алу үшін мұқият танысып шығуды ұсынамын. Өз кезегімде кезекті жолдау аясында аудан аумағында жүзеге асатын шаралардың жоспарын әзірлеп, таныстыратын боламын.