CЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ!

CЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ!
Сыбайлас жемқорлықпен күресу – еліміздегі күрделі мәселелердің бірі. Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын бұл фактор саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық елдердің қай-қайсысын да қатты алаңдататыны анық.
Жемқорлық деген не? Жемқорлық ұғымы заманауи құқықтық сөздікте кеңінен қолданылады және терең тарихи тамыры бар. Жемқорлық – мемлекеттік басқару құрылымындағы лауазымды қызметкерлердің өздеріне тапсырылған қызмет мүмкіндіктерін жеке бастарының пайдасы мен мүддесі үшін пайдалану мақсатында жасаған қоғамға қауіпті қылмыстық іс-әрекеттері. Мемлекетте жемқорлықтың бел алуы көлеңкелі экономиканың пайда болып, экономикалық өсу қарқынының тежелуіне және әлеуметтік, саяси шиеленістердің асқынуына ұрындырады.
Сыбайлас жемқорлықтың тарихи тамыры көздеген мақсатқа әуре-сарсаңға түспей жету үшін сыйлық жасау әдетінен шығады. Базарлы сыйлық оның өтінішінің орындалуына көмек болады. Олар өз пайдасын жалақыдан анағұрлым көбейту үшін өздерінің қызмет өкілеттіктерін пайдалануға тырысады.
Елбасымыз айтқандай, өзінің туған елі, туған өлкесі ғасыр көшінен қалып қоймауын қалайтын әрбір саналы азамат жемқорлықты ауыздықтау ісіне өзінің үлесін қосуы тиіс. Ол үшін әрқайсымыз осы мәселеде өз азаматтық ұстанымымызды айқындап, оны түбірімен жоюға атсалысуымыз қажет. Сыбайлас жемқорлық ұлтымыздың беделіне, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына елеулі нұқсан келтіретін қауіпті құбылыс. Сондықтан да жемқорлықты арамыздан аластату, оны қоғамымызға жат қылық ретінде ашып көрсету, оған қарсы күресу баршамыз болып жұмылатын маңызды іс.
Cыбайлас жемқорлық мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін айтарлықтай төмендететіні, қоғамда демократиялық оң өзгерістерді жүзеге асыруды тежейтіні, елдің халықаралық беделіне нұқсан келтіретіні белгілі. Ең бастысы, қоғамның демократиялық бастауларына, заң мен шындыққа, билікке деген сенімін әлсіретеді. Сол үшін сыбайлас жемқорлықтан аулақ болайық!
Темір аудандық Әділет басқармасы