Хабарландыру

2018 жылдың 26 желтоқсанында қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтыру енгізу» туралы Қазақстан Республикасы №203-VI Заңы 2019 жылдың 8 қаңтарында күшіне енді. Өзгерістердің бірі - 1997 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасында мүгедектiгi, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берiлетiн мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар» туралы ҚР Заңына қатысты болды. Осы Заңның 13-бабы 3-тармағында көрсетілгендей - 18 жастан асқан білім алушы азаматтардың асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша күндізгі оқу нысанындағы жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі жүйеде, жоғары білім беру жүйесінде оқу орнын бітіргенге дейін, бірақ жиырма үш жастан аспайтын шекте жәрдемақы алуға құқығы бар. Аталған толықтыруларға сәйкес, жоғары білім беру жүйесінде оқу орнын бітіргеннен кейін де оқуын жалғастырса, яғни магистратураның күндізгі бөлімінде оқитын азаматтар жәрдемақыны жиырма үш жасқа дейін ала алады. Бүгінгі күні оқу орнынан анықтама тапсырған жағдайда 2019 жылдың 8 қаңтарынан бастап төлем жүзеге асырылады.