БЖЗҚ

1. Мемлекет зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдік бере ала ма?
«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы заңының 5-бабына сәйкес мемлекет алушыларға бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы мiндеттi зейнетақы жарналарының, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналарының инфляция деңгейiн ескере отырып, нақты енгiзiлген мөлшерiнде сақталуына кепiлдiк бередi. Яғни, зейнетақы жинақтары заң тұрғысында сенімді қорғалған.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті қаулысымен зейнетақы төлемдерін алушыларға бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының нақты енгізілген мөлшерінде сақталуы бойынша мемлекет кепілдіктерін инфляцияның деңгейін ескере отырып, орындау Қағидалары бекітілген.
Бұл Қағидалар зейнетақы төлемдерін алушыларға зейнетақы төлемдерін алу құқығы туындаған шақта инфляцияның деңгейін ескере отырып, нақты енгізілген міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында қалыптасқан зейнетақы жинақтарының сомасы арасындағы айырманы төлеу тәртібін айқындайды.
Қағидалардың 2 тармағына сәйкес айырма төлемі - зейнетақы төлемдерін алу құқығы туындаған шақта инфляция деңгейін ескере отырып, нақты енгізілген міндетті зейнетақы жарналары мен зейнетақы жинақтарының сомасы арасындағы айырма ретінде айқындалған, республикалық бюджет қаражаты есебінен төленетін біржолғы төлем.
Барлық қажетті құжаттар «Азаматтарға арналған үкімет» МК» коммерциялық емес акционерлік қоғамына тапсырылған соң, мамандар жеке зейнетақы шотындағы жинақтар сомасының инфляцияны ескере отырып, келіп түскен зейнетақы жарналарының сомасымен салыстыру жұмысын жүргізеді.
Мемлекет зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар тұлғалардың барлығына айырма сомасын төлейді. Зейнеткерлікке шығу негізіне (жасына немесе мүгедектігіне байланысты) байланысты шектеулер қарастырылмаған.
2. Жеке зейнетақы шотының жай-күйі туралы азаматтарға міндетті түрде хабарлау науқаны қаншалықты жиі өткізіледі?
Жеке зейнетақы шотының жай-күйі туралы «БЖЗҚ» АҚ салымшылары мен алушыларына міндетті хабарлау науқаны жыл сайын, есептік жылдан кейінгі жылдың басында жүргізіледі.
Жеке зейнетақы шотының (ЖЗШ) жай-күйі туралы ақпарат тегін беріледі, ал оны алу тәсілін салымшылар мен алушылар өз еріктерімен таңдайды.
Үзінді-көшірме салымшылардың (алушылардың) ЖЗШ ашу туралы өтінішінде, зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартта немесе хабарлау тәсілін өзгерту/анықтау туралы қосымша келісімде көрсетілген мекенжайға, оның ішінде электрондық мекенжайға жіберіледі.
Егер салымшы (алушы) мекенжайын өзгертсе және бұл туралы өткен жылдың 31 желтоқсанына дейін Қорға хабарламаса, онда 2016 жыл бойынша жіберілген үзінді-көшірме Қорға қайтып келеді. Одан басқа, бұл жағдайда БЖЗҚ-ның ағымдағы зейнетақы заңнамасына сәйкес алдағы жылы үзінді-көшірмені жібермеуге құқығы бар.
Естеріңізге сала кетелік, салымшы (алушы) белгіленген тәртіпте Қордың өз міндеттемесін орындауға әсер ететін өзгерістер жайында, осындай өзгерістер орын алған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде хабарлауға міндетті («Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының 39-бабының 4 тармағының 1 тармақшасы).
Мұндай өзгерістерге егер тиісті хабарлау тәсілі таңдалған болса, электрондық және пошталық мекенжайлардың өзгергендігі жатады.
БЖЗҚ ағымдағы жылдың 1 қаңтарындағы не хабарлау тәсілін өзгерту (анықтау) туралы келісімде көрсетілген кезең аяқталғаннан кейінгі айдың бірінші күндегі жағдай бойынша салымшының (алушының) ЖЗШ-ында ақша болмаған немесе хабарлау тәсілі таңдалмаған жағдайда салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат жібермейді.
2016 жылы шамамен 1,6 млн. салымшы (алушы) үзінді-көшірме ала алмады. Өйткені, олардың ЖЗШ жай-күйі туралы хабарлау тәсілі таңдалмаған. БЖЗҚ мамандары салымшыларды өздерінің жеке деректерін өзгерту және/немесе хабарлау тәсілін таңдау бойынша Қордың дербес қызмет көрсету орталықтарына жүгінуге шақырады.
3. Қордың есептемелері және көрсеткіштері туралы мәліметтерді қайдан алуға болады?
Қор қызметінің маңызды көрсеткіштері ай сайын www.enpf.kz сайтында жарияланып отырады.
Қазақстан Республикасының ағымдағы зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін ҚР Ұлттық Банкі басқарады.
Ұлттық Банктің инвестициялық қызметінің нәтижесімен Қордың www.enpf.kz сайтынан танысуға болады.
Сондай-ақ ҚР Ұлттық Банкінің мәліметтері бойынша зейнетақы активтерін инвестициялық басқару бойынша ақпараттар ай сайын жаңарып отырады. Барлық құжаттар хронологиялық тәртіпте жарияланады және қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүктеуге қол жетімді. БЖЗҚ тоқсан сайын пайдалар мен шығындар және бухгалтерлік теңгерім туралы мәліметтер жариялап отырады. Сонымен қатар жыл сайын сыртқы аудитті жүргізу нәтижесі бойынша есептеме жариялайды.
4. БЖЗҚ-ның қандай негізгі міндеттемелері бар?
БЖЗҚ – міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын тартумен айналысатын жалғыз ұйым және азаматтардың таңдауы бойынша ерікті зейнетақы жарналарын да қабылдайды.
Зейнетақы Қоры салымшылдардың жеке зейнетақы шоттарын есепке алу және зейнетақы жинақтары есебінен зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруға міндетті.
БЖЗҚ-ны құрудың негізгі міндеттері мен мақсаттары:
- салымшылардың зейнетақы шоттарын тиісті есепке алу, салымшылардың табиғи қозғалысына байланысты (шет елге шығу, зейнеткерлік жасқа жету және т. б.) өзгерістерді дер кезінде енгізу және зейнетақы жарналарын жүзеге асыру, зейнетақы активтерін инвестициялау бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу;
- зейнетақы активтерінің инвестициялық табыстылығын қадағалау;- зейнетақы жинақтарын төлеуді жүзеге асыру.
5. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, тіпті шетелден хабарласып қажетті ақыл-кеңесті қалай алуға болады?
БЖЗҚ-ның басты міндеттерінің бірі – Қордың салымшылары мен алушыларына сапалы қызмет көрсету және оларға лайықты ақыл-кеңес беру. Бұл үшін біз көптеген ыңғайлы және қарапайым құралдарды жасап қойдық. Қор мамандарынан сапалы кеңес алу үшін, Қазақстан Республикасының азаматтары 1418 тегін қысқа нөмірі бойынша Қордың байланыс орталығына хабарласулары керек.
Сондай-ақ біздің www.enpf.kz сайтында «онлайн кеңесші», «онлайн хабарласу» және кері байланыс қызметтері жұмыс істейді. Бұл қызметтер Қазақстан азаматтарына және шетелдік азаматтарға да өте пайдалы.
«Онлайн кеңесші» қызметі сайттың барлық парақшаларында қолжетімді. Онлайн режімінде қоңырау шалу үшін «электронды қызметтер» бөліміне кіру қажет (стационарлық компьютерлер үшін микрофоны бар гарнитура керек). Қоңырау шалу тегін, алайда ол интернет трафик есебінен жүргізіледі. Бұл ұялы құрылғылар арқылы қоңырау шалғанда қосымша шығынға әкелуі мүмкін.
Осы бөлімде онлайн форманы пайдалана отырып Қорға өтініш жіберуге болады. Мамандар қысқа мерзімде толыққанды жауаптар әзірлеп, оларды сұрақ қоюшылардың электронды поштасына жібереді.