Халық қалаулары

Байғанин Нұрпейіс (1860-1945)
- халық ақыны, жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері. Ақтөбе облысының Темір ауданында (қазіргі Байғанин ауданы) туған. Нұрпейістің анасы Үміт тамаша әнші, домбырашы және ақын болған. Ол суырып салма ақындар айтыстарында көзге түскен. Ән айтуды анасынан үйренеді, жастайынан домбыра тартуға, жанынан суырып салып, өлең шығаруға талпынған. Көп кешікпей-ақ ол «бала жыршы» деген атқа ие болады. Нұрпейіс өз кезіндегі белгілі ақындардың жырларын тыңдайды, олардың шығармаларын жаттап алады. Жас кезінде-ақ оның репертуарына Батыс Қазақстанның ақындары Абыл Тілеуұлының, Алаша Байтоқтың, Шернияз Жарылғасұлының, Нұрым Шыршығұлұлының өлеңдері мен жырлары енген. 17 жасынан бастап Нұрпейіс маман ақын болып қалыптасады. Белгілі ақындармен айтысқа түсіп, үнемі жеңіске жетіп жүреді. Ол кәдімгі ақындар сияқты ауыл-ауылды аралап, өлең шығарады, ал көп кешікпей оның есімі тек туған жерінде ғана емес, Оңтүстік Орал, Сырдарияның бойында, Қарақалпақстан, Хиуада, Түркменстанда белгілі бола бастайды. Қазақтың халық эпосын білгені оны жігері жасымайтын ақын етеді. Енді эпикалық поэмаларды жатқа қайталап айтумен шектелмей, оларды өңдейді, толықтырады, байытады, өзінің жанынан шығарған тамаша шумақтармен жандандырады. Осындай жолдармен Нұрпейіс Байғаниннің жырлауында «Құбығұл», «Төрехан», «Қобыланды», «Орақ - Мамай», «Қарасай - Қази», «Ер Тарғын», «Алпамыс», «Қыз-жібек», «Айман-Шолпан» нұсқалары туған. «Қобыланды» эпосының 26 нұсқасының ішіндегі ең көлемдісі де Нұрпейіс Байғаниндікі болып шығады. 9300 жолдан тұратын жырды 1940 жылы оның хатшысы Ахмет Ескендіров жазып алған. 1917 жылы Нұрпейіс Байғанин көтерілісшілердің жалынды ақын-үгітшісі болады. Оның сюжеттік өлеңдерінің тақырыбы мен шығармашылық әдісі де кеңейеді. Ертедегі өткендер енді шындыққа айналады, халық эпосының авторлықпен өңделген қайта жырлаулары күнделікті өмірдегі батырлық жөніндегі шығармаға айналады. «Ақкенже» поэмасында ол жас өмірдің қысым астында қалғаны жөніндегі тарихтың жан тебірентерлік бейнесін жасаған. 30-жылдары Нұрпейіс Байғанин әр түрлі мекемелерде жұмыс жасайды, колхоздарда үгітші жөне ұйымдастырушы болған. 1938 жылы Нұрпейіс Байғанин алғаш рет Алматыға келіп, Жамбыл Жабаевтың мерейтойына қатысып, «Ақын шабыты», «Жамбылға», «Көрімдік», «Ғасырдың қарт бұлбұлы», тағы басқа жырлар шығарған. Осы кезден бастап Нұрпейіс Байғаниннің барлық шығармалары оның бірінші жеке хатшысы Ахмет Ескендіров арқылы қағазға түсіріліп отырылады, соның арқасында ақынның жақсы шығармалары бізге дейін жеткен. Осы жылы Нұрпейіс Байғанин «Комиссар Пожарский» атты поэма жазады.1939 жылы ақын Қазақстан Жазушыларының ІІ-съезіне қатысып, Жазушылар одағының мүшесі болған. Нұрпейіс Байғанин ақындардың республикалық слетіне қатысып, топпен бірге Мәскеудің ауыл шаруашылық жетістіктері көрмесіне жіберіледі. Көрме барысында Нұрпейіс Байғанин айтқан жырлар орыс тіліне аударылып, Бүкілодақтық радиодан беріледі. Осы жылы Нұрпейіс Байғанинге «Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері» деген атақ беріліп, ақын Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі бірінші сессиясы Президиумының грамотасымен марапатталады. Ақын өз арнауымен ашқан бірінші облыстық Кеңестің депутаты болып сайланады. 1940 жылы қоғамдық қайраткерлігі үшін «Құрмет белгісі» орденімен марапатталады. Бұл оқиғаға ол өзінің «Қуаныш жыры» атты өлеңін арнаған. Әйгілі «Седовшылар» атты өлеңін 812 тәулік бойында мұз құрсауында қалған «Седов» қаһармандарына арнаған. Оның соғыс жылдарындағы шығармашылығы табысты болды. Бұл кезеңдегі ақынның шығармалары еркін әрі тамаша өмір үшін күреске арналған. Ол эпостардағы халықтық қаһармандықты көрсете отырып, жеке батырлар мен майдандағы оқиғалар жөнінде өлеңдер мен дастандар шығарады. Бұл кезеңдегі шығармаларының белгілілері - «Батыр туралы жыр», «Батыр ұлға», «Жеңіс үшін», «Қазақстан - майданға»және басқалар. Нұрпейіс Байғанин қиын кезеңде халықты тек жырымен демеп қоймай, үгіт бригадасының құрамында республиканы аралап, елдегі еңбекшілердің жауынгерлік рухын көтерген. 1944 жылы маусымда өзінің еңбектегі ерліктерімен белгілі болған Шығанақ Берсиевке қоштасу әнұранын арнаған. Нұрпейіс Байғанин жеңіс күніне дәл бір ай жетпей дүние салды. Ақынның шығармаларын Мәриям Хакімжанова, Қуандық Шаңғытбаев, Ержан Ахметов, тағы басқа ақындар ұқыпты түрде қағазға түсіріп отырған. Ақтөбе облысындағы ауданға, туған ауылына, Ақтөбе және тағы басқа қалалардағы көшелер мен мектептерге Нұрпейіс Байғаниннің есімі берілген.
Ахмет Қуанұлы Жұбанов (1906-1968) — қазақ музыкасын зерттеуші көрнекті ғалым, әйгілі композитор, дирижер. Қазақстанның халық артисі (1944), өнертану ғылымының докторы (1943), профессор (1948), академик. Ол Ақтөбе облысы Темір ауданында 1906 жылы 29 сәуірде өмірге келген. Ахмет Қуанұлы қазақтың музыкалық мәдениетін зерттеп тануда, жорып түсіндіруде және жүйелеп насихаттауда жаңа сапалы биіктен көрініп, кезеңдік мәні бар қажыр-қайрат көрсеткен тұлға. Өз кезіндегі музыкалық білім сатыларының бәрінен өткен кемел білім иесі, оған қоса Тәңірі тал бойына ғажайып қабілет пен ұлтжандылық сезімін дарытқан А.Қ.Жұбанов 1933 жылы Алматы музыкалық драма училищесіне ұстаздық қызметке келеді. Осы кезден бастап өмірінің соңғы күндеріне дейін ол қазақтың музыкалық мәдениеті деген жалпылама ұғымды ұлт болмысындағы нақты категориялық мәні бар рухани құбылысқа айналдыру үшін тыным таппастан еңбек етті. Бұл ретте, Ахмет Қуанұлы адам қабілетінің қандай құдіретті болатынын нақтылы да нәтижелі істерімен көрсете алды. Алғашқы музыкалық әліппе, қазақ музыкасын зерттейтін ғылыми кабинет, музыкалық сынақ шеберханасы, Ғылым академиясындағы өнертану секторы, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет жөне өнер институтының музыка бөлімі, Қазақтың халық аспаптары оркестрі, Қазақтың мемлекеттік филармониясы, Қазақ консерваториясы, ондағы халық аспаптары кафедрасы, Қазақтың музыкалық театры, қазақ музыкасы туралы оқу құралдары, міне, осының бәрінің ұйтқысы А.Қ.Жұбанов болды. Мұның сыртында дирижерлік, ұстаздық, ғылыми-зерттеушілік, қоғамдық, әсіресе шығармашылық жұмыстарының өзі сала-сала болып, құнарлы арналарға ұласады. А.Қ.Жұбановтың мұрындық болуымен қырқыншы жылдары ұйымдастырылған ғылыми экспедиция сексенінші жылдарға дейін Қазақстанның түкпір-түкпірінен 10 мыңдай ән-күй нұсқаларын жинаған. Қазақтың кәсіпқой халық композиторларының өмір дерегін жинастырып, шығармаларын нотаға түсіріп, одан соң көнігі әнші-күйшілерге үйрету арқылы халықтың рухани игілігіне айналдыруда теңдессіз еңбекқорлық пен іскерліктің үлгісін Ахмет Қуанұлының өзі көрсетіп отырды. Жасынан музыка өнеріне бейімділігін байқатып, домбыра, скрипка аспатарында ойнауды меңгереді. Жас кезінде ауылдасы Талым күйшіден, ауыл мұғалімі Қ. Ашғалиевтен, әкесі Қуаннан, ағасы Құдайбергеннен тәлім алып, музыка өнеріне ден қояды. Темірде орыс халық аспаптар әуесқойлары оркестріне жетекшілік ететін (П. Черняктан сольфеджио, скрипка, музыка теориясы бойынша) сабақ алады. 1929 жылы Ленинградтың М.И. Глинка атындағы техникумында (А.А .Этигонның скрипка класы бойынша), консерваторияда (профессор Ф.А. Ниманның гобой класы бойынша, кейіннен музыка тарихы мен теориясы факультетінде) оқыған. 1932 жылы Ленинградтағы Актер шеберлігі мектебінің аспинрантурасына түседі. 1933 жылы Алматыда ашылған музыкалық драма училищесіне ұстаздық қызметке шақырылады. 1930 жылы Ленинградтағы «Рабочий и театр» журналында жарияланған мақаласынан бастап, өмірінің соңына дейін қазақ музыкасының тарихы мен теориясын зерттеумен айналысты. 1936 жылы «Музыка әліппесі» атты тырнақалды кітапшасы жарық көрген. 1934 жылы А. К. Жұбанов алғаш 11 адамнан құралған домбырашылар ансамблі негізінде Қазақ ұлттық халық оркестрін ұйымдастырды. Осы ұжымның тұңғыш дирижері ретінде көптеген халық композиторларының музыка туындыларын оркестрге лайықтап нотаға түсірген. 1945-1951 жылдары Алматы консерваториясының ректоры, 1954-1961 жылдары осы консерваториядағы өзі ашқан халық аспаптар кафедрасының меңгерушісі болып, қазақ халық музыкасының тарихынан, дирижерлік өнер менаспаптанудан сабақ берді. Жұбановтың қазақ халқының ән-күй шығармаларының табиғаты мен ерекшелігі, ұлы күйшілер Құрманғазы, Дәулеткерей, Сейтек, Тәттімбет, Қазанғап туралы монографиялық ғылыми -зерттеу еңбектері- қазақ музы касының ғылыми тарихын жасауға қосылған қомақты үлес болды. А. К. Жұбанов — қазақ халқының қазіргі заманғы кәсіби музыкасының негізін қалаған аға буын композиторлардың бірі. Ол халық күйлерін оркестрге лайықтап, нотаға түсірді және қазақ музыкасын күрделі аспаптық симфониялық шығармалармен байытты. Олар «Тәжік биі», «Қазақ билері», «Төлеген Тоқтаров», «Ария», «Вокальдік сюитасы», «Абай сюитасы», тағы басқалар. А.Жұбановтың қазақ музыка тарихына сіңірген еңбегі ұшан - теңіз. Композитор ретінде қазақтың музыкалық мәдениетіне өзіндік мелодиялық өрнек қосқан ондаған ән мен күйдің, романстар мен хорлардың, аспаптық симфониялық және вокальдық шығармалардың авторы. А. Жұбановтың композиторлық шығармаларының көрнектілері Л. Хамидимен бірлесіп жазған «Абай» (1944) және «Төлеген Тоқтаров» (1947) опералары, қызы Ғ. Жұбанова аяқтаған «Құрманғазы» (1970) операсы. А.Қ.Жұбановтың мұрындық болуымен қырқыншы жылдары ұйымдастырылған ғылыми экспедиция сексенінші жылдарға дейін Қазақстанның түкпір түкпірінен 10 мыңдай ән күй нұсқаларын жинаған. Қазақтың кәсіпқой халық композиторларының өмір дерегін жинастырып, шығармаларын нотаға түсіріп, одан соң кәнігі әнші күйшілерге үйрету арқылы халықтың рухани игілігіне айналдыруда теңдесіз еңбекқорлық пен іскерліктің үлгісін Ахмет Қуанұлының өзі көрсетіп отырды. А.Қ. Жұбановтың ғалым, педагог, композитор, орындаушы және ұйымдастырушы ретінде қазақтың музыкалық мәдениетіне сіңірген еңбегі ұлттың мәдени рухани шежіресіндегі ең көрнекті белестердің бірі болып қалады. А. К. Жұбанов қазақтың ұлттық өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағын берді. Ленин орденімен, тағы басқа ордендермен, медальдармен марапатталған. Алматы қаласының көшелерінің біріне, Республикалық музыкалық мектеп-интернатқа Жұбанов есімі берілген. Ақтөбедегі музыка колледжі, көшелер А. К. Жұбанов есімінде. Өзі ұзақ жыл тұрған үйдің қабырғасында ескерткіш тақта орнатылған. 2006 жылы Ахмет Жұбановтың 100 жылдық мерейтойына орай Ғ. Жұбанова атындағы облыстық Филармония ғимаратының алдында композиторға арнап үлкен ескерткіш орнатылмақ. Ескерткіш авторлары — Ескен Сергебаев пен Бақытжан Әбішев, архитектор — Женсен Айнабеков. Қоладан жасалған ескерткішті гранит плиткасымен қапталған тұғырға орнатады.
Жұбанов Құдайберген Қуанұлы (19.12.1899, Ақтөбе облысы, Темір ауд. – 25.2.1938) – тіл білімі саласындағы алғашқы қазақ профессоры (1932), түркітанушы, педагог. Алғашқыда Оспан ишанның мешітінен дәріс алып, араб тілін үйренеді. 1918 жылы Електегі екі кластық орыс-қазақ училищесін бітірген. Темір-Орқаш болысының әуелі хатшысы, кейін төрағасы болады. 1920 жылы Орынбор қаласындағы “Хусайния” медресесін бітіреді. Араб, парсы, орыс, латын, түрік, жапон, француз, ағылшын, неміс тілдерін меңгереді. 1920 жылы “Ай” атты журнал ұйымдастырып, оның бетінде М.Горькийдің “Сұңқар туралы жыр”, “Дауылпаз туралы жыр”, “Хан мен ұлы”, т.б. шығармаларын қазақ тіліне аударып жариялаған. Ақындық, жазушылық өнерімен де танылып, өлең, пьеса, т.б. жазған. Мысалы, “Мақпал – Сегіз” дастанының желісі бойынша Жұбанов Тілепбергеновпен бірігіп жазған пьесасы Ақтөбедегі кеңес-партия мектебінің, педагог техникум оқушыларының қатысуымен сахнаға шығарылып, қала жұртшылығына көрсетіледі. “Ай” деген өлеңі жоғарыда аталған журналдың беташары ретінде жарияланды. Көпшілік көкейіне тез қонатын сықақ, фельетондары сахнада, сауық кештерінде айтылып жүрсе, кейбіреулері “Еңбекші қазақта” жарияланған. 1925 жылы Жұбановтың режиссерлігімен Ақтөбе қаласында М.Әуезовтің “Еңлік – Кебек” пьесасы қойылады. Жұбанов 1920 – 22 жылдары ауылда мұғалім, 1922 – 24 жылдары Темір уездік оқу-ағарту бөлімінде, 1924 – 29 жылдары Ақтөбе губерния оқу-ағарту бөлімінде басшы қызметтер атқарды, сонымен бір мезгілде Ақтөбедегі педагог техникумда сабақ берді. Қызметтен қолы бос уақытта өз бетімен білімін толықтырған. Түркі тілдес республикалардың жаңа әліпбиге көшуіне арналып, 1925 жылы Мәскеуде өткізілген кеңеске қатысып, онда сөз сөйледі. Жаңа әліпбиді енгізу мәселелерімен айналысқан әзербайжан ғалымы Ағамалы оғлымен жиі хат жазысып тұрды. 1927 жылдан бастап Жұбанов Санкт-Петербургтегі орыс ғалымдарымен байланыс жасады. Түркі тілдерін зерттеуші академик А.Н. Самойлович, шығыстанушы В.В. Бартольд, тілші ғалым А.В. Щерба, т.б. еңбектерін алдырып оқыды. 1928 жылы Санкт-Петербургтегі Шығыс тілдері институтының (Шығыстану институты) толық курсын бітіріп, 1929 жылы осы институттың академигі Самойлович басқаратын “түркітану семинарийіне” оқуға түсті, 1930 жылы КСРО Ғылым Академиясының Тіл білімі институтының аспиранты болды. Н.Я. Марр, И.И. Мещанинов, А.В. Богородицкий, т.б. белгілі тілші ғалымдардан дәріс алды. 1932 – 37 жылдары ҚазПИ-де (қазіргі Алматы мемлекеттік университеті) профессор, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі болды. Жұбанов тіл білімі мәселелерімен 1920 жылдан бастап шұғылдана бастады. Ол қазақ мектептері мен жоғары оқу орындары үшін қазақ тілін оқыту бағдарламаларын жасап, оқулықтар мен әдістемелік құралдар жазды. Сондай-ақ, оның “Қазақ тілінің ғылыми грамматикасының материалдары” (1-том), “Фонетика” (орыс тілінде), “Қазақ тілі фонетикасының тарихын зерттеуге кіріспе”, “Қазақ тілінің ғылыми курсы жөнінен лекциялар”, “Буын жігін қалай табуға болады”, “Қазақ тілінде біріккен сөздің жазылуы”, “Қазақ сөйлеміндегі сөздердің орын тәртібі”, “Жаңа грамматиканың жаңалықтары жайынан”, т.б. іргелі ғылыми жұмыстары қазақ тіл білімін қалыптастыруға қосылған елеулі үлес болды. 20 ғасырдың 20 – 30-жылдарында Жұбанов қазақ халқының рухани-мәдени өмірінде саяси-әлеуметтік, халықтық мәні зор проблемалардың бірі – жазу, емле, термин мәселелерімен де шұғылданды. 1929 жылы Қызылордада өткізілген тұңғыш ғылыми-терминологиялық конференцияда Жұбанов қазақ тілінің емлесі жөнінде ғылыми негізделген ұсыныстар жасады. 1935 жылы қазақ әліпбиі мен емлесін жақсартудың жобасын ұсынды. Онда халықаралық және орыс тілінен енген терминдерді орысша жазылуына жақындатып таңбалау, кейбір қосар дыбыстарды жалаң әріппен беру, біріккен сөзді қосып жазу туралы пікір айтты. Жұбанов 1933 жылдан саяси қуғын-сүргінге ұшырағанға дейін Қазақстанның Мемлекеттік терминологиялық комиссиясының төрағасы болды. Бұл салада ол термин жасау ісіне мамандарды жұмылдырып, олардың дайындаған материалдарын ғылыми тұрғыдан реттеп, жұртшылық талқысына салып, тәжірибеге енгізуді қадағалады. Жұбанов – 1935 жылы Қазақстан мәдениет қызметкерлерінің съезіне Мемлекеттік терминкомның атынан ұсынылған жобаның негізгі авторы. Ол ұсынған принциптер қазақ терминологиясын жасаудың үлгісі ретінде әлі күнге дейін қолданылып келеді. 1936 жылы ғалымның “Қазақ сөйлем мүшелерінің орны тарихынан” деген кітабы баспадан шықты. Бұл кітабында ол қазақ тіліндегі сөйлем мүшелерінің тарихын басқа түркі тілдерінен бөліп қарамай, өзі еркін игерген түркі халықтары тілдерін бір-бірімен байланыстыра зерттеп, тарихи салыстырмалы әдісті шебер қолданды. Бұл еңбегімен Жұбанов қазақстандық түркітану ғылымының қалыптасуына зор үлес қосты. “Ауыл мұғалімі” (қазіргі “Қазақстан мектебі”) журналында мұғалімдерге арнап қазақ тілін оқыту әдістемесі туралы, кітапты қалай пайдалану, оқулықтағы материалдарды оқушыларға қалай нәтижелі игерту мәселелерін көтеріп отырды. Осы журналда “Жаңа грамматиканың жақсылықтары”, “Шылаулар”, “Қос сөздер”, “Біріккен сөздер”, “Әдіс, бағдарлама мәселелері”, т.б. мақалаларын жариялады. Жұбанов қазақ әдеби тілі мен музыкалық өнері туралы да келелі пікірлер айтты. Ол өзінің “Абай – қазақ әдебиетінің классигі” (“Әдебиет майданы”, 1934, №11 – 12) атты аяқталмай қалған әдеби-публицистикалық еңбегінде Абайдың қазақ әдеби тілін дамытудағы, әлеуметтік ой-санадағы орнын, ақындық шеберлігін, композиторлығы мен өлең құрылысына енгізген жаңалығын тұңғыш көрсетіп, әділ бағалады. “Қазақ музыкасында күй жанрының пайда болуы жөнінен” (1936) деген зерттеуінде “ән”, “би”, “бақсы”, “жыр”, “домбыра”, “күй”, “қобыз”, “сыбызғы”, “толғау” сөздерінің этимологиясын ашу арқылы қазақ музыка мәдениетінің тарихы ертеден басталатынын көрсетті. Жұбанов тек ғылыммен ғана шұғылданып қоймай, Қазақстанның Оқу-ағарту халық комиссариаты жанындағы әдістеме, бағдарлама, оқулықтар секторының меңгерушісі міндетін атқара жүріп, бар ынта-жігерін аз уақыттың ішінде қазақ мектептерін ғылыми негізде жазылған оқулықтармен қамтамасыз етуге жұмсады. Мұғалімдердің білімін жетілдіру курстарында, семинарларында дәріс оқып, ақыл-кеңес беріп отырды. Ол қазақ тіл білімі мамандарын баулып, тәрбиелеуде де мол еңбек сіңірді. Республикадағы көрнекті тіл мамандары М.Балақаев, Ғ.Мұсабаев, А.Ысқақов, Ә.Шәріпов, Т.Қордабаев, т.б. өздерін Жұбановтың шәкіртіміз деп санады. Жұбанов республикамыздың саяси-әлеуметтік өміріне де белсене қатысты. 1935 жылғы Қазақстанның мәдениет қызметкерлері съезін ұйымдастыру комитетінің төрағасы, 1935 жылдан Қазақстан КСР ОАК-нің мүшесі болды. 1937 жылы жалған саяси айыппен тұтқындалып, ату жазасына кесілді. 1957 жылы 3 қазанда КСРО Жоғарғы Соты Әскери алқасының шешімімен ақталды. Ақтөбе мемлекеттік университетіне, осы қаладағы бір көшеге Жұбанов есімі берілген.
Жұбанова Ғазиза (1927-1993)
- сазгер, Қазақстанның және КСРО-ның халық артисі, ҚазССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор. Қазақтың қазіргі замандық музыкасының негізін қалаушы А.Жұбановтың қызы. Гнесиндер атындағы Мәскеу музыкалық училищесін, П.И.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясын, профессор Ю. А.Шапориннің композиция класын бітірген. Жұбанова - өзін ұлағатты ұстаз ретінде танытқан тұлға. Оның шәкірттері - Е.Серкебаев, С.Кабирова, Т.Мұхамеджанов және т. б. Консерватория ректоры ретінде ол ұлттық кадрлар - музыкант-орындаушылар мен музыкатанушылардың қалыптасуына ықпал етті. Олардың бірнешеуі әлемдік атаққа ие болды. Мысалы, А.Мұсаходжаева, Г. Мырзабекова, Г.Қадырбекова, Ж. Әубәкірова, Т.Әбдірашев және тағы басқалар. Жұбанованың ықпалымен музыкалық мектептер құруы, фольклор және композиторлық шығармашылық мәселелері бойынша диссертациялар қорғала бастады. Жұбанова- өзінің талантын барлық жанрда танытқан шығармашылық диапазоны кең композитор. Оның музыкасы республикадан тыс жерлерде де жақсы танымал. Ол - үнемі ізденіс үстіндегі суреткер болды. Ғ.Жұбанованың музыкасы арқылы қазақ музыка мәдениеті басқа халықтарға белгілі болды. Ол - “Батырлық поэмасы” симфониялық поэмасын, “Жігер” симфониясын, “Еңлік- Кебек”, “Жиырма сегіз” операсын, “Ақ құс туралы аңыз” балетін, кантаталар, романстар, эстрадалық музыка, театр мен киноға арналған музыкалар жазды. Олардың барлығын музыкалық ойлау жүйесінің біртұтастығы, нақтылықтан жалпыға біртіндеп көшу, вокальды орындаудан аспапты орындауға ауысу, сезімнің көрнектілігі, тақырыптық материалдың ашықтығы, ұлттық бояу, ауқымдылық, эпикалық кеңдік және музыкалық образдардың қарама - қайшылықты мінездері біріктіреді.. Мәскеу музыкалық училищесін (1949), Мәскеу консерваториясын (1954), оның аспирантурасын (1957) бітірген. 1958 жылдан Алматы консерваториясында (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) ұстаздық етті; 1975 – 87 жылдары осы консерваторияның ректоры (1978 жылдан профессор), 1962 – 68 жылдары Қазақстан Композиторлар одағы басқармасының төрағасы және КСРО Композиторлар одағы басқармасының хатшысы болды. Жұбанованың шығармашылығына әкесі А.Қ. Жұбанов ықпал етті. Әкесінің аяқталмай қалған “Құрманғазы” радиооперасын қызы аяқтаған (1970). Жұбанованың өзі – “Еңлік – Кебек” (1975), “Жиырма сегіз” (1981) операларының, “Аққұс туралы аңыз” (1966; Қазақстан Мемлекет сыйлығы, 1970), “Хиросима” (1966), “Қарагөз” (1990) балеттерінің, “Жігер”, “Ақсақ құлан” симфония поэмаларының, “Даладағы таң нұры” (1960), “Мұхтар Әуезов туралы аңыз” (1965), “Батырлық поэмасы” (1972) сынды ораториялық шығармалардың, “Адам, адамды аяла”, “Әйелдер аралы”, “Арал шындығы”, “Татьянаның хаты” атты вокальдық-симфониялық шығармалардың, скрипка мен фортепианоға жазылған “Элегия”, “Вариациялар”, “Поэма” прелюдияларының, “Жалғыз емен”, “Боран” атты a’capella хорлардың, инструменталдық пьеса, камералық шығармалар, поэмалар мен квартеттер, фантазия, т.б. көптеген музыкалық шығармалардың авторы. Сондай-ақ ол Қазақ драма театрының репертуарынан берік орын алған “Жалғыз ағаш орман емес” (Ә.Тәжібаев, 1958), “Бөлтірік бөрік астында” (Қ.Мұхамеджанов, 1959), “Замана осылай басталады” (З.Шашкин, 1960), “Құдағи келіпті” (Қ.Мұхамеджанов, 1961), “Абай” (М.Әуезов, 1962), “Ана – Жер-ана” (Ш.Айтматов, 1964), “Қарақыпшақ Қобыланды” (М.Әуезов, 1967) қойылымдарына музыка жазған. “Қорқытпа мені дауылдан” романсы, “Ақ сәуле”, “Толқын жел”, “Сенімді дос – ол да бақыт”, “Көктем вальсі”, “Жыр жазамын жүрегімнен” әндері кең танымал болған. Қазақстан Мемлекет сыйлығы (1970), Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының (1964) лауреаты. Халықтар достығы, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталған. Алматы көшелерінің біріне Жұбанованың есімі беріліп, тұрған үйінің қабырғасына мемориалдық тақта орнатылған.
Жансен Кереев — көрнекті әскери қайраткер, генерал- лейтенант. 1930 ж. қаңтардың 1 Ырғыз селосында өмірге келді. Амур облысының Благовещенск жалпы әскери училищесін, Мәскеудегі М.В. Фрунзе атындағы әскери академияны алтын медальмен, К.Е. Воршилов атындағы КСРО Қарулы Күштері Бас штабының әскери академиясы (1973), Бас штаб әскери академиясы жанындағы жоғары академиялық курсты (1978) бітірген. 1950 жылы әскер қатарына шақырылып, Сахалин облысы Курил аралдарында қызмет етті. 1953—56 жж. Забайкалье әскери округінде взвод командирі, 1956 жылы Кеңес әскерлерінің Алманиядағы тобына жіберіліп, онда 1962 жылға дейін әуелі атқыштар взводының, кейін рота командирі болды. 1965—70 жж. Ленинград әскери округінде полк штабының аға офицері, полк командирі, дивизия командирінің орынбасары. 1973—75 жж. генерал-майор атағымен Кеңес әскерлерінің Алманиядағы тобында дивизия командирі, Магдебургтегі әскери құрама штабының бастығы болып қызмет жасады. 1979—82 жж. Приволжье әскери округінің штаб бастығы, КСРО Қорғаныс министрлігі аппаратының жауапты қызметкері. Ол үш ірі әскери жаттығуларға — Ленинград әскери округіндегі «Двина», «Днепр», Шығыс Алманияда өткен «Қалқан» жаттығуларына қатысушы. 1982 ж. Виетнам халық әскерінің аға кеңесшісі болып тағайындалған. 1983 ж. елге қайтып келе жатқанында науқастанып, Мәскеудегі Бурденко атындағы әскери госпитальда қайтыс болған. Екі орденмен, бірнеше медальмен марапатталған. Денесі Алматыға әкелініп, Кеңсай зиратына жерленді. Ақтөбе қаласындағы орталық көшелердің бірінде генералға ескерткіш орнатылған. Жансен Кереев ескерткіші — 2000 ж. генералдың өз атындағы көшеге орнатылды. Мыстан жасалғаң тұғыр биіктігі — 3,6 м. Материалы — Қордайдың қызыл гранитінен. Төменгі тұғыр биіктігі. — 0,3 м, мүсін биіктігі — 1,2 м. Авторы Бақытжан Әбішев, сәулетшілері Б. Егінбаев, Н. Қожағүлов.
Балмұханов Сайын Балуанұлы (21.09.1922) - Темір ауданы Кеңесту ауылында дүниеге келген. Алматы/-радиолог, онколог, медицина ғылымы докторы-1959,профессор 1960, ҚазКСР ҒА-ның академигі 1967, ҚазКСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері 1961. Қазақ/қазіргі Алматы мемлекеттік медициналық институтын бітірген 1943. Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1946-1953 ж ҚазКСР ҒА-ның аспиранты, ғылым қызметкері. 1953-60 ж Алматы мемлекеттік медицина институтының рентгенология және радиол. кафедрасының меңгерушісі. 1960-62 ж ҚазКСР Денсаулық сақтау министрілігінің Өлкелік паталогия ғылыми зерттеу институтының директорының орынбасары, директор, лаборатория меңгерушісі. 1980 ж-дан сонда директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары. Негізгі ғылыми еңбектері онкология және радиол. мәселелеріне арналған. Б сәулемен емдеу әдістерін тапты, республикада клиникалық онкология мен радиологияның жаңа бағыттарын қалыптастырып, оларды одан әрі дамытты. 2 рет Ленин орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған.
Досжан ишан Қашақұлы (1815-1890) - белгілі діни қайраткер. Досжан хазірет-кіші жүз Табынның Қоңыр руынан. Өзінің діндарлығымен, ағартушылығымен дінге негіздеп халықтың басын бір орталыққа біріктірумен, далалық сәулет өнерін дамытумен және қазақ шежіресінің негізін жинақтаумен қазақ тарихында із қалдырды. Атақ даңқы алты алашқа тіпті ақ патшаның өзіне дейін жеткен адам. Ол көптеген мешіттердің бой түзеуіне мұрындық болды, оның тікелей басшылығымен салынған Доңызтаулық Қарашыңдағы Қайнар мешітінің, Ойыл аңғарындағы Шилісулық Ишан ата мешіттерінің маңызы зор. Әкесі Қашақ дәулетті адам болған. Досжан ишан Меккеге Нұрпейіс ишан және Жұмағали ишанмен кей дерек бойынша 1874 ж Құнанбай тобымен бірге қажылық сапарға барған. Досжан Құран Кәрімді, Мұқтасарды жатқа оқып, Меккеден 17 жасында жас хазірет деген атпен елге оралады. Жалпы Досжан хазірет Меккеге үш рет барған адам. Ақын Әбубәкір Кердері: Досеқең пірі болды Кіші Жүздің Раушан нұры болды түсіміздің... Мағлұм рух заты болды Табын Дұғалы етті құдай тіл мен жағын Дауысын екі жұртқа мәшһүр етіп Талабын келістіріп ашты бағын... Үш барды Қағбаға тәуап етіп Тәкие-қазақ үшін үй салды. Тұрғандай қажыларды қонақ етіп,-деп мадақтаған. Бұл жолдар Досжан ишанның Меккеге үш рет барып, Абайдың әкесі Құнанбаймен танысып, екеуі бірлесіп Тәкие-қонақ үй салдырған деген сөзді растай түседі. Еліне келген соң бес жүз адам оқитын үлкен медресе тұрғызып, Темір ауданының орталығы қазіргі Шұбарқұдық кентінен 4 шақырым жердегі Шилі өзенінің бойынан мешіт салдырады. Қазір ол жерде үлкен қауым бар. Хазірет салдырған мешітінің бүгінде төбесі құлаған, қабырғалары тұр. 1993-94 ж Шұбарқұдықта тұратын ұрпақтары мен ағайын-туыстары бірігіп, мешіттің қасынан Тілеухана салдырады.
Қалменов Алпысбай (1860) Кеңкиақ елді - мекені, «Алпысбай қыстауы» тоғайы-1939, Қызылорда қаласы. Ауылда сауатын ашып, білімін сол кезде білім ордасы атанған Ақтөбе өңіріндегі Темір қаласында жалғастырып, Орынбор гимназиясында толықтырады. Оқуын үздік аяқтап, сол заман үшін жақсы білім алған Алпысбай аудармашы-тілмаш кәсібімен айналысады. Жиырмасыншы ғасырдың басында қазіргі парламенттің прототипі болып есептелетін Дума атты халық өкілдерінің мәжілісіне сайлау өтті. І Мемлекеттік Думаға сайлау додасы қазақ даласында 1906 жылдың көктемінде басталады. Сәуір-маусым айларында аталған сайлау науқаны шырқау шегіне жетті. Бірақ, далалық өлкеде әскери жағдай халық сайлау процесіне кенінен қатыса алмады. Ресей мемлекеттік Думасының бірінші отырысы 1906 жылдың 27 сәурінде социал-демократтардың, кадеттердің, еңбек партияларының және т.б, қатысуымен өтеді. Думаға Торғайдан-А.Қ.Бірімжанов, Уфадан-С.С.Жантөреев, Оралдан-А.Қ.Қалменов, Астараханнан-Д.С.Ноян-Тундутов, Ақмоладан-Ш.Қосшығұлов, Семейден-Ә.Н.Бөкейханов, Жетісудан-М.Тайыновтар депутат болып сайланады. Ресей Думасына депутат болған Алпысбай Қалменов халықты ағарту, отырықшылдандыру жұмыстарына көп көңіл бөлді. Өкінішке орай, аяғына нық тұрып үлгермеген І Мемлекеттік Дума 73 күнде 39 отырыс өткізіп, Николай ІІ патша саясатына керағар келе бергендіктен патша пәрменімен таратылып жіберіледі. Алпысбай секілді азаматтардың заң дайындау жұмыстарына кеңінен қатысып, қазақ халқының түбегейлі мәселелерін көтеруге мүмкіндік берілмесе де, осы аралықта қазақ халқының мұң-мұқтажы жоғарыға жетті. 1917 жылдың 2-8 сәуір аралықтарында Торғай даласында 300 адам қатысқан қырғыз (қазақ) съезі өтеді. Съезде Президиумның төрағасы болып Ахмет Байтұрсынов, Алпысбай Қалменов пен Уәлихан Танашев сайланады. Съезде қазақ ұлтының кейбір мәселелері оң шешімін табады. Осы оқиғадан кейін де Уақытша үкіметтің Қазақ Ордасын басқару жөніндегі мәртебелі кеңесшісі қызметін атқарады. Алпысбай Қалменов қайда жүрсе де қазақ мүддесін бәрінен жоғарыға қоя білді. Кейінірек жеке, дербес ұлттың өкілі ретінде Ресей ақшасына үш ұлт өкілінің бірі ретінде қол қояды. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары Кеңес үкіметінің Мемлекеттік банкі шығарған атақты отыздық рубльден, үш рубльден, бір рубльден Алпысбай Қалменовтың қолын табуға болады. 1928 жылы Кеңес үкіметінде атышулы кәмпеске науқаны басталады. Ел ағасы Алпысбай «бай-кулак» деп танылып, дүние-мүлкі тәркіленеді. Өзі отбасымен Қарағандының Қарқаралысына жер аударылады. Алты жылдан кейін айдаудан босатылады. Сыр берген денсаулығыма баламның көмегі тиер деген үмітпен Қызылорда қаласындағы ұлы Абдулхамиттің қолына келіп тұрады. 1939 жылы қайтыс болады.Алпысбай баласын Темір қаласында оқытқан.
Нокин Кеңес (23.12.1927ж.т.) Темір ауданы Алтықарасу ауылы-белгілі ауыл шаруашылық маманы, партия қызметкері. Экономика ғылымдарының кандидаты (1970). Ақтөбе зоотехникалық-мал дәрігерлік техникумын (1948), Қазақтың ауыл шаруашылығы интын (1956) аграном мамандығы бойынша бітірген. 1943 жылы Ойыл ауданы «Қызыл Керуен» колхозында колхозшы, 1945 жылға дейін шаруашылықта есепші қызметін атқарған. 1948-51 жылы Ойыл ауданы Ауылшаруашылық бөлімінде бас зоотехник, 1956-59 жылы «Құрмет Белгісі» орденді «Ембі» совхозында бас агроном, Ойыл ауданы «Саралжын» совхозының директоры. 1959-1962 жылы Алға ауданының атқару комитетінің төрағасы,облыс ауылшаруашылық басқармасының бастығы, ҚКП Ақтөбе облысы комитеті ауылшаруашылық бөлімінің меңгерушісі, 1962-65 жылы Шалқар ауданының өндіріс басқармасының бастығы, 1965-87 жылы ҚКП Ақтөбе облыс Комитетінің хатшысы, 1970 жылы «Облыстың оңтүстік аудандарында етті малдарды өсіруді жеделдету» деген тақырыпқа кандидаттық диссертация қорғаған. 13 рет облыс Кеңес депутаты болып сайланған. 1950 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық бейбітшілік конференциясына делегат болып қатысқан. 4 мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен, бірнеше медальмен, 2 рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен, Бүкілодақтық Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің екі алтын, бес күміс медалімен марапатталған.