География

География - (грек. ge — Жер және graphо — жазу) — Жердің географиялық қабығындағы табиғи-аумақтық және аумақтық-өндірістік кешендерін және олардың құраушыларын зерттейтін жаратылыстану және қоғамдық ғылымдар жүйесі. Географиялық зертеулердің басты міндеті — табиғат ресурстары мен жағдайларын жан-жақты зерттеу, оларды тиімді пайдаланудың, өндіргіш күштерді орналастыру мен дамытудың, табиғатты қорғаудың және қалпына келтірудің ғыл. негіздерін жасау.
Темір ауданы – Ақтөбе облысының батыс бөлігіндегі әкімшілік-аумақтық бөлініс. Жер аумағы 12,6 мың шаршы км. Тұрғыны 36,0 мың адам.
Орталығы – Шұбарқұдық кенті. Аудандағы 29 елді мекен 1 қалалық, 2 кенттік және 7 ауылдық округке біріктірілген. Ауданның іргесі 1869 жылы құрамында 17 болысы бар уезд орталығы болып қаланған. 1921 жылы 27 болыс болды және Ақтөбе губерниясындағы аудан орталығы, 1923 жылы Ақтөбе губерниясының іріленуіне байланысты Темір уезі (14 болыс) аталған. 1928 жылы уез таратылып, 1930 жылы ауданға айналды. 1935 жылы одан Жұрын ауданы бөлініп шықты. Қазіргі Темір ауданы 1972 жылы құрылған. Аудан Мұғалжар тауының оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан. Ең биік жері 355 м (Бадамша ауылының тұсында). Оңтүстік-батысы сай-жыралармен тілімделген жазық болып келеді.
Жер қойнауынан мұнай, тас темір, құрылыс материалдары барланған. Олардың кейбіреуі өндіріледі. Климаты тым континенттік, қысы суық, жазы ыстық, қуаң. Ауаның орташа жылдық температурасы қаңтар айында (-15 -17 С), шілдеде (+22 +24C). Аудан жерімен Ойыл, Темір, Шилі, Құмды, Бабатай, Шағырлықұмды, т.б. өзендер ағып өтеді. Жер қыртысында негізінен қызғылт қоңыр, бозғылт қоңыр және сортаңды сұр топырақ басым. Оларда боз, бетеге, жусан, изен, сұлыбас, қамыс, құрақ өседі. Аңдардан қасқыр, қарсақ, борсық, жабайы шошқа, ақбөкен, ондатр, сарышұнақ, аламан кездеседі. Аудан тұрғынының басым бөлігін қазақтар құрайды (97,0%). Одан басқа орыс, украин, татар, т.б. ұлт өкілдері тұрады. Аудан аумағында халық біркелкі қоныстанбаған. Тұрғын халықтың басым бөлігі автомобиль және темір жол және ірі өзен бойларында, мұнай өндіретін өңірлерде біршама тығыз қоныстанған. Халықтың 1 шаршы км-ге шыққандағы тығыздығы 3,0 адамға жуықаласы.
Ірі елді мекендері: Шұбарқұдық (11,3 мың адам), Кеңқияқ (4,9), Шұбаршы (3,7) кенттері, Темір қаласы (2,0), Шұбарқұдық кәсіпшілігі (1,8), Алтықарасу (1,2), Қопа (1,2), Сарыкөл (1,0), Тасқопа (1,0). Ауданда 1996 жылға дейін астық, оған қосымша биязы жүнді қой, етті-сүтті мал, жылқы, көкөніс, бақша өсіруге маманданған 6 кеңшар, 1 мал бордақылау бірлестігі болған. Нарықтық экономикаға өтуге байланысты олар түгелімен дерлік жекешелендірілді. Аудан аумағында археологиялық және табиғат ескерткіштерінің жалпы саны – 41. Аудан жерімен Атырау – Қандыағаш темір жолы, Ақтөбе – Астрахань автомобиль жолы өтеді.