Тарих

Қазақ тарихынан мәлім: ел басқарудың хандық жүйесі 1822 жылғы патша үкіметінің «Сібір қазақтары туралы Ережесіне» байланысты жойылып, олардың орнына 1822-1824 жылдары округтер құрылды. 1869 жылы 14 мамырда негізі қаланған Ақтөбе алғашында әскери бекініс ретінде бой көтерді. Бекініс жергілікті халықты ұдайы бақылап отыруға, олардың қарсылығын басуға пайдаланады. Бекініс салынғаннан кейін Ақтөбе өңіріне Ресейдің орталық ауданынан алғашқы қоныс аударушылар толқыны ағылды. Осы жағдайдың салдарынан бекініс өзінің әскери сипатын жоғалтып, қалалық қонысқа айнала бастады. ХІХ ғ. екінші жартысында бұл өңірде ірі сауда ұясы-жәрмеңке дамыды. Сондай Жәрмеңке Темір қаласында 1870 ж., ал, Ақтөбеде 1871 жылы ашылды. 1903 жылдан бастап Ақтөбе арқылы өтетін Орынбор-Ташкент темір жолының салына бастауы қала халқы санының өсуіне ықпал етті. 1890 жылы Ақтөбе облысының аумағында 11 оқу орны жұмыс жасады. Соның ішінде Темір уезінде 4-еуі болды. ХІХ ғасырдың 80-ші жылдары Темір уезінің аймағында Жиренқопа, Қалмаққырған, Ойыл және Темір екі кластық орыс-қазақ мектептері ашылып, онда 275 бала дәріс алды. Бұл мектептерде Е.Врачев, Қошқарбаев, Жұлдызов, Н.Шабанов, А.Романовтар қызмет атқарды. 1911 жылы 18 қаңтарда жүргізілген есеп бойынша осы жылы Темірдегі 19 мектепте 767 оқушы болған. 1911 жылы Темір уезінде 2292 адам орысша білім алған. 1824 жылы хандық таратылғаннан кейін осы аймақтың батысы мен шығысын, орта бөлігін қамтитын әкімшілік-аумақтық негізде Орынбор қырғыздары облысы құрылды. Негізгі ережеге сәйкес 1868 жылы Қазақстанда Ақмола, Семей, Торғай және Орал сияқты төрт облыс дүниеге келді. Ақтөбе ол кезде осының ішіндегі Торғайға қарады. Сөйтіп Илецк, Николаев, Ырғыз және Торғай уездеріне бөлінді. 1891 жылы Илецк Ақтөбе, 1895 жылы Николаев Қостанай болып аталды. 1920 жылдың 7 шілдесінде Қырғыз революциялық комитеті мен Орынбор губерниялық атқару комитетінің қаулысымен Орынбор, Торғай облысынан Торғай, Ырғыз, Ақтөбе және Темір уездері енді. Бірақ көп кешікпей, 1921 жылдың 8 желтоқсанында орталағы Ақтөбе губерниясы Орынбор-Торғай губерниясы құрамына өз алдына енші алып шықты. Жаңа губерния құрамына Ақбұлақ, Ақтөбе, Шалқар, Темір, Ырғыз сияқты бес аудан кірді. 1928 жылдың 17 қаңтарында Қазақ АССР-ның орталық атқару комитетінің сессиясында аумақтық құрылым туралы жаңа жоба бекітілді. Осы сессияның қаулысымен Ақтөбе округінде Ақтөбе, Ақбұлақ, Ақкемер, Елек, Ырғыз, Қарабұтақ, Мағаджанов, Мәртөк, Новоалексеевка, Новоресей, Темір, Шалқар, Шыңғырлау және Қобда аудандары құрылды. Бұған қоса 1929 жылы таратылған Адай округінен Алтықарасу, Табын, Ойыл аудандары да тартылды. Колхоздар мен совхоздардың өмірге келуі, МТС-тардың пайда болуы жаңа өнеркәсіптік, ауылшаруашылығы орталықтарының ашылуына септігін тигізді. Ендігі жерде аудандарды республикалық органдардың бақылауы жеткіліксіз жағдайда екені бірден көзге ұрды. Жаңа тірек пункттерін ашу қажеттігі сезілді. Ондай орталық тек облыс еді.
Сөйтіп 1932 жылы 10 наурызда құрамында 17 ауданы бар Ақтөбе облысы ашылды. 1935 жылы біздің облыстың құрамында 28 аудан болды. Кейіннен оның 11-і негізінде Қостанай облысы құрылды. Ақтөбе облысы ірілендірілген жеті селолық аудандарымен, немесе аумақтық өндірістік басқармалармен Батыс Қазақстан өлкесіне қарады. Бірақ бұл процесс ұзаққа бармады, 1964 жылдың 31 желтоқсанында Қазақ ССР-і Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығымен өлке тарады. Осыған байланысты аумақтық өндірістік басқарма да жойылып, аймақтардың бұрынғы шекаралары мен аудандардың атаулары ғана қалдырылды. Әрі қарай облыс картасына бірсыпыра өзгертулер енгізілді. Мысалы, 1966 жылы жаңадан Комсомол және Мұғалжар аудандары құрылды. Ключевой мен Степной Алға және Ленин деген жаңа атауға ие болды1964 жылы аудан орталығы Қандыағашқа көшіріліп, аудан Октябрь ауданы деп аталды. 1972 жылы Темір ауданы , орталығы Шұбарқұдық кенті болып қайта құрылады.